Runa
27/11/2022
Әдебиет саласына берілген Нобель сыйлығын француз жазушысы Анни Эрно алды.
#Нобель2022
09/11/2018
Ғалам моделі
Қазақтың әлемі – киіз үй. Ол үшке бөлінеді: жеті қабат жердің асты, дала – киіз үй, сосын алты қабат аспандағы жұлдыздар немесе аруақтар мұхиты. Тік шаншылған құрық бойы бәрінен жоғары тұрған – Тәңірі, көктегі Тәңірісі.
Әр адамның аспанда өз жұлдызы болады. Көшпелі – өз жұлдызының жер бетіндегі көлеңкесі. Қазақ “жұлдызы жанды” деп табысқа жеткен адамды айтады. Бір-бірін жақтырмайтын өш жандарды “жұлдызы қарсы” деп жатады. Айырылысқан ерлі-зайыпты “жұлдызы жараспағандықтан” бірге тұра алмады. Жұлдыздың сәулелер арқылы жазықтыққа түскен кескіні, проекциясы – далалық. Ағып түскен жұлдызды көріп қазақ жақсы адамның дүниеден озғанына қамығады. Абай – қазақ халқының маңдайына біткен “жарық жұлдызы”. Жұлдызға қарап, уақытты анықтаймыз, олар “жамырай” жанады, қонып отырған ауыл сияқты. Жұлдыз бір тәуліктегі өмір емес, тұтас бір жылдың, бір дәуірдің шаруасына, қаракетіне араласады. Көшпелі Сүмбіле туған соң, суға түспейді, енді малдың жайылымын, отын ауыстырған жөн, көшіңді түзеп, жолға шық, киіз туырлықты қазақ. Шолпан жұлдыз туғанша... ұзақ күткен жақсылық пешенемізге жазылса, түбінде алдыңнан шығар.
Жұлдыз, сірә, аруақтың өзі шығар. Өйткені, “аруақтың функциясы” мен “жұлдыздың қызметі” қатар аталса да, ұқсас. Сондықтан, біз екеуін ортақ әлем тұрғысында, бірге, тұтас қарастырғанымыз қателік емес.
Жерге көмілген түздік, көшпелі – кейін аруаққа айналып, көкке ұшып шығады. Ол жұлдыз болып, жерге сәулесін түсіреді. Әкем жарықтық менің жұлдызым ба, кім білсін. Қорғай жүр, әкемнің жұлдызды аруағы, мен – сенің көлеңкеңмін.
Көшпелі қазақ дүние салғанда, үш тәулік үйіне қондырады. Үйімен қоштассын, оның үйімен біз де қоштасайық. Үш күннен соң жер қойнына береміз, жетінші күні жанына сау-сәлемет айтамыз, қош бол. Қырық күн өткізіп, ол бізге рух күйінде, аруақ қалпында ортамызға қайтып келеді. Рақмет саған, Тәңірім.
Тәнін жеті қабат жердің астына тастап шыққан Жаны басқа, жаңа сапаға иелік құрады, ол қасиеті – аруақ. Егер дүнияуи тіршілік әлемінде ештеңе жоқтан туып, ештеңе жойылмайтынын, тегінде, есімізге алсақ, қос ішектің үніндей – үйлесім тапқан мұндай эманация жүйелі діни кітаптың бар екені туралы ой қозғайды, өйткені Тәңір бастапқыдан жаратылысты – бүтін, толымды – жаратқан.
Қайдасың, Тәңірлік кітап, көшпелі пәлсапа шарқ ұрып сені ғаламнан іздеп жүр.
05/11/2018
БОРХЕС ЖӘНЕ ӘУЕЗОВ
Соңғы жылдары менің кітапқа деген көзқарасым ақырындап өзгере бастады.
Бұрын мен кітапты құпия қалтарысы, жұмбағы мол дүниенің кілті тұрғысында түсінетін едім, бірақ кейінгі кездері кітаптың қорғансыздығына бірталай көзім жетті.
Кітап авторын қорғай алмайды екен. Өзі де бүгін, тегінде, қорғансыздың күнін кешіп отыр. Кітап ессіздіктің өтінде тұр.
Бірақ та, көпғасырлық адамзат мәдениетінің жиынтығы, – қай кезеңде болмасын, тарихтың рухани келбеті.
Кезінде Борхес әлем құрылымын көз алдына кітапхана бейнесінде елестетіп еді. Кітапты уағыздың үлкені деп таныды. Оның бүкіл ғұмыры алып кітапханалар ішінде алып кітаптармен өтті. Данышпан қаламгерге кітап кем-кетігі жоқ, толық, кемел өмір болды, күрделі тіршілік, аласапыран өмір – алапат кітапқа енді, сосын әфсана туды... “Әдебиет әфсанадан басталып, әфсанамен аяқталады”, – деп жазды ол.
Ол Буэнос-Айрес қаласында туып-өсті. Борхес өз шығармаларына Буэнос-Айресті кейіпкер етіп алды, серік тұтты, дос қылды, кетсе – сағынып жүрді.
Буэнос-Айрес...
Борхес...
Сосын – иррационализмге бой ұрған Шығыс...
Ол Шығысты жақсы көрді. Жақсы білді. Сондықтан да талқыға салды, сараптады.
Бір сұқбатында Борхес “Мың бір түн” үнемі оның жадында жүретіні туралы әңгіме қозғайды. Сонда әңгімеге араласып отырған Бартеломью: “Менің ойымша, әлем қазынасына, жалпы, ислам мәдениетіне қосылған ең қомақты үлес – “Мың бір түн”, – деген тосын пікір айтады.
Борхестің өзі де бір сөзінде: “Мың бір түн” деп айту дегеніміз шексіздікке – тағы, бір мәрте – бірді қосумен тең. Шексіздік идеясы мен “Мың бір түн” кітабы – пара-пар, – деген ойды көлденең тартады.
Сол Борхес орта жасқа келгенде әлемге танылып, өз елінде үлкен құрмет, асқақ абыройға бөлене бас-тайды. “Атақ-даңқ маған зағиптық тәрізді біртіндеп, байқатпай келді”, – деп қайталап айтып жүрді Борхес қартаң тартып, еңкейген шағында.
Дүние жүзі оны ғұлама деп танып, мойындап, түрлі әдеби сыйлықтармен марапаттауға көшкенде, Хорхе Луис Борхес Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласындағы Ұлттық кітапханаға директор болып орналасты.
Сөйтіп, әфсанашыл Борхес және мол қазыналы кітапхана – бір ұғымның аясында бірікті. Себебі, Борхестің өзі кітапхана тәрізді рухани байлыққа толы, шексіз болатын. Қалам тартқан тақырыбы әртүрлі, шығармаларының тынысы кең әрі мазмұны терең, содан соң... еріксіз мойындау қажет, сіз оны және ол туралы жазылған еңбектерді ешқашан оқып тауыса алмайсыз.
Бірде, бір кездесуде Алматыдағы Қазақстан Ұлт-тық кітапханасының директоры Мұрат Әуезовтің: “Кітапханаға келіп әңгімелесіңіздер. Сол кезде сіздер ескі кітаптардың сықырын, қолжазбалардың сыбдырын және көне лұғаттардың парақталып жатқанын естисіздер” дегені бар.
Борхес өмір бойы сүйенішін кітаптан тапқан. Мұрат Әуезов мемлекеттік қызмет, бәтуасыз саясат және қоғамдық жұмыстардан кейін, баянсыз тірліктен шаршап – аяулы кітапқа қуанып қайта оралды. Кітаптан бақыт пен жұбаныш іздеді. Жаңа тыныс тапты. Бала кезінде кітаппен көзін ашып, кітапты сүйіп өскен биік парасат иесі алпысты алқымдап қалғанда, қорғансыз асыл кітапты қайыра өз қамқорлығына алды. Кітап, Алматы, әфсана...
Ол талай мәрте жеке кітапханасын соңынан ерген іні-бауырларына сыйлап еді... Былтыр Мұрат Әуезов өз кітапханасынан тағы да бірнеше бума кітапты Монғолиядағы ағайындарымызға жөнелтті.
Мұрат Әуезов те – данышпан Борхес тәрізді – бір өлшемге сыймайтын интеллектуал тұлға. Кейде оны бұл қасиеті үшін жаппай сынап та жатады. Синолог, әдебиеттанушы, саясаткер, мәдениеттанушы, тарихшы, киногер, Елші, шешен, өнертанушы...
Борхес те ешқашан қалыпты түсінік шеңберіне сыймай кеткен бүкіл халықтық, тіпті, жалпыадамзаттық ақын еді. Қаламгер. Дінтанушы. Қысқартып айтқанда, білгір. Хәкім.
Мұрат Мұқтарұлы 1978 жылғы күнделігіне былай деп жазып қойыпты: “Жөйіттер арнайы әдебиетті оқиды, орыстар бүгін сәнге айналған дүниелерді қарайды, ал қазақтар “Жұлдыз” бен “Жалынға” жарияланғандарды түк қалдырмай түгел оқып отырады...” Әрине, бұл сөзде, түсіне білген адамға, жанға бататын ащы мысқыл да жатқан еді.
Сол күнделігін Мұрат Әуезов келесі бір бетінде былай деп жалғастырады: “Идеал тұрғысынан алсақ, қазақтардың өзгеше ойлауы жаңа ұлттық дүние-болмысты қалыптастырудан шығып отыр, ал орыстардың ниеті қолда бар жүйені жақсарта түсуде жатыр. Орыстың басқаша ой жүйесі үшін күресі, бір жағынан, ішкі мәселелерді шешуге бағытталған, екінші тараптан, аталмыш күрес әлемдік өркениеттің мұрат тұтқан құндылық-қасиеттерімен үндес (демократиялық еркіндік, жеке тұлғаның құқы және т.б.) сондықтан, әрине, олар эмиграцияға қиналмай, оңай кете салады, қолдаушылары табылады, түрлі мұратты көздеген қозғалыстар ұйымдастыра алады... Бізде мұндай мүмкіндіктер жоқ. Батылсыздығымыздан не шетел асып кетуге шамамыздың жоқтығынан емес, бұл қиындық тудыратын мәселе деп айта алмаймын. Шетелге кетпес бұрын, біз өз жерімізден сыртқа шығып, кеңестік тоталитарлық бодандық жүйеге қарсы оппозициялық күштермен байланыс орнатуға оң жағдай жасау үшін, әуелі біраз жұмыстарды іште жүргізуіміз қажет. Сөз ағартушылық қызмет туралы болып отыр...”
“Мұрат Әуезов аз жазады” деген зиялы қауым арасында қалыптасқан бір жаңсақ пікір бар. “Шешен, алғыр екендігінде шек жоқ, бірақ кітабы жоқтың қасы...”, – дейді кейбір әріптестері. Меніңше, егер Мұрат Мұқтарұлы жазған-сызғандарын жинап, кітап қылып бастыратын болса, онда кітап саны он шақты томға жетіп қалатынына менің сенімім мол.
Ол – өмір бойы күнделік жазып келе жатқан адам. Өте үлкен қасиет. Және де күнделіктері күнделікті тұрмыс-тіршілік жайында емес, терең сараптамалық, ойлы дүниелер. Бұл күнделіктерді оқу үшін әжептәуір интеллектуалдық дайындық қажет.
Сіз Борхесті білімсіз оқи алмайсыз. Борхес – күрделі тұлға. Борхес, әрине, жиырмасыншы ғасырдың ұлы перзенттерінің бірі. Тегінде, оны қарапайым оқырмандардың бәрі де – ұға бермеуі мүмкін, сондық-тан да – аргентиналық кемеңгерді елдің жаппай оқуы, түсінуі, қабылдауы міндет емес. Адамзат тарихында ондай шарт жоқ.
Бұл жазбада мен Борхестің де, Әуезовтің де өмір тарихы мен шығармашылығына тоқталған жоқпын. Ізденімпаз оқырман оны өздері-ақ тауып, оқып алады.
Зады, мен екеуінен бір ұқсастық тапқанымды ортаға салғым келді. Оқымысты қос тұлға, Жердің шалғай екі түкпірінде ғұмыр кешкен ғаламзат перзенттері. Бір-біріне іркес-тіркес жалғасқан замандары ғана қатар, қайғы-қасіреті мол дәуірі ғана – бір. Интеллектуалдар.
Десек те, екеуінде бір ұқсастық бар. Әрине, кез келген аналогия, салыстыру қашанда қауіпті әрі адастырып жіберуі де мүмкін, дегенмен де.
Борхес және Әуезов... Әйтсе де, пікір туды, соны айттым.
Алматы, 2007 жыл
28/09/2018
КАРЛОС ФУЭНТЕС
Жақында, латынамерикалық магиялық әдебиеттің бір атасы – Карлос Фуэнтестің шағындау бір кітабын оқыдым. “Instinto de Inez” (“Инстинкт Инес”) деген кітап, алып бара жатқан ештеңесі де жоқ, десек те, ішінде бірнеше машық бар, бір тәсілден екінші дәстүрге қаламгер оңай көшіп, бұрқыратып жазып кете береді. Тынысы кең, суреті анық, ойы астарлы. Бірақ, суық, үнемі емес, ара-арасында бір салқындық, бөтендік сезіліп отырады. Гюстав Флобер сияқты. Қалиханның “Ақтоқымындай” емес, Буниннің “Антонов алмаларындай” емес, Шамшадтың (Абдуллаев), досым еді – айта кеткенімді айыпқа бұйырмассыздар, “Жексенбідегі жарығындай” емес.
Суық, салқындық та пафос тәрізді өнердің жауы екен. Толстой ақсақал математикаға емес, әдебиетке дәлдік аса қажет екенін айтып еді… себебі үнемі ойды, қимыл-қозғалысты дәл бейнелейтін сөзді іздеуің керек.
Қазір пафос мақалалардан, ауыз-екі әңгімелерден көптеп естіле бастады.
Жүректің қылындай нәзік ой-сезім, машық, шеберлік оқшау, үркесоқ көрінбей, тегінде, көп айқайдың ішінде естілмей, тұншығып, булығып барады. Сұңғыла дауыстар өшті, шулаған, күшенген пафостың дабысы бүкіл сақараны жаңғыртып, басылмай тұрған секілді.
Шындық ақырын айтылуы тиіс, оның күші ай-қайында не сыбырында емес, шындықтың күші – шындығында.
3 тамыз, 2010 жыл
28/09/2018
JACK KEROUAC
Джек Керуак есімінде бір мұң бар секілді көрінеді де тұрады. Jack Kerouac кемел прозаны шымырлата оты-рып, ақыры – өлеңге айналдырды. Сөздері маржандай тізіліп “Desolation of Angels” жүрек қылын шертеді, көңілге шер байланады, өзекті қасірет дерті жарады.
“Опустошение ангелов”… бірдеңе ала да, қоса да алмайсың.
9 тамыз, 2010 жыл
qz #джеккеруак #дидарамантай
Click here to claim your Sponsored Listing.
Category
Website
Address
Төлеби 286/4
Almaty
050000
Opening Hours
| Monday | 09:00 - 22:00 |
| Tuesday | 09:00 - 22:00 |
| Wednesday | 09:00 - 22:00 |
| Thursday | 09:00 - 22:00 |
| Friday | 09:00 - 22:00 |
| Saturday | 09:00 - 22:00 |
| Sunday | 09:00 - 22:00 |