mtcom.kz
14/05/2026
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Мұнайтелеком» жастарының бастамасымен эко-плогинг шарасы ұйымдастырылды. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстау мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа деген жауапкершілікті арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
Плогинг – бұл жүгіру немесе жаяу серуендеу кезінде айналадағы қоқысты жинауды біріктіретін экологиялық қозғалыс. Аталған бастама алғаш рет Швецияда пайда болып, бүгінде әлемнің көптеген елдерінде кең қолдау табуда. Плогинг адамның денсаулығын нығайтып қана қоймай, табиғатты қорғауға нақты үлес қосуға мүмкіндік береді.
2026 жылғы 25 сәуір күні өткен эко-плогинг барысында қатысушылар Саура шатқалындағы теңіз жағалауы бойымен шамамен 5 шақырым қашықтықты жүріп өтті. Шара барысында демалушылар қалдырған тұрмыстық қалдықтар мен пластик қоқыстар жиналып, қоршаған орта тазартылды. Табиғи аумақты тазалау арқылы қатысушылар туған жердің экологиясына бейжай қарамаудың маңыздылығын көрсетті.
Іс-шара тек экологиялық бағытпен шектелмей, ұжымдық бірлікті нығайтуға да ықпал етті. Қатысушылар арасында түрлі белсенді ойындар ұйымдастырылып, табиғат аясында тағам дайындалды. Ашық аспан астында өткен бұл шара жастарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, табиғатты қорғау мәдениетін насихаттайтын пайдалы әрі тәрбиелік мәні зор кездесу болды.
Осындай экологиялық бастамалар қоғамда экологиялық сана қалыптастырып, табиғатты аялау мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосады. «Мұнайтелеком» жастары алдағы уақытта да қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шараларды тұрақты түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.
Click here to claim your Sponsored Listing.
Category
Website
Address
Aktau